МЕНТАЛДЫ АРИФМЕТИКА ПАЙДАЛЫ МА? Мен бірінші мамандығыммен физика-математика факультетінде 2 курста оқып жүргенде Асқар Жұмаділдаев бір топ профессор-доценттермен бізге семинарға келді. Жастар сарайында үлкен жиын өтті. Онда бүкіл қаламыздың үздік математика пәні мұғалімдері мен біздің факультеттің оқытушылары, барлық курс студенттері қатысты. Үш күнге созылған семинардың соңғы күнінде бізге Асқар ағамыз кіріп лекция оқыды. Жаңаша тың формулалармен күрделі теңдеу есептерді шығару жолдарын үйретті. Мектепте өтіп кеткен алгебра және анализ бастамаларын одан әрмен тереңірек түсіндірді. Аудиторияда тек терезеден ескен қоңыл салқын лептің даусы ғана естіліп тұрды. Себебі оның сөйлеу мәнері өзге оқытушылардан өзгеше. Әр есепті мысал еткен сайын қазақ зиялыларын қоса кетіп, Абайдың тілімен сөйлегенде аузыңды ашып қаласың. Содан лекция ортасында біздің бір "шауып кел, барып кел" қызметкер кіріп келіп: "ағай, шайға жүріңіз" деп қойып қалды бүкіл қарындары қабысып отырған студенттерге естіртіп. Зал тып-тыныш. Асқар аға қолына ақ борды ұстаған күйде төмен қарап, сәл ойланып тұрып: "мына балалардың бәріне шай-тамақтарың жете ма" деді. Қызметкер "жоооқ" деген бойда: "есікті сыртынан жабыңыз" деді де, лекциясын әрі қарай жалғастыра берді. Сонда мен оның қазақтың қамын ойлайтын ұлтжанды азамат екеніне көзім жетті. Кетерінде өміріме қажетті мағлұматты сұрап, ақылын алып тұрып, батасын алуды ұмытып кетіппін. Қазір ойлаған жоспарыма енбес бұрын сол кісінің сол кездегі екі сағаттық есті нақылдарын есіме түсіремін.Және қай кезде де оның айтқан әр ойын қос қолдап қолдаймын! ・・・ Академик Асқар Жұмаділдаевтың менталды арифметикаға қатысты айтқаны. "Дүниеде пайдасыз нәрсе көп қой. Мысалы темекі. Ол пайдалы ма? Жоқ, бірақ бәрі тартады. Менталды арифметика пайдалы ма? Жоқ. Ол да темекі сияқты керек емес өнердің біреуі. Дәлірек айтсақ, бұрын болған өнер. Бұдан жүз жыл бұрын ешқандай компьютер, калькулятор болмаған. Сол кезде жапондар мен қытайлардың ойлап тапқан өнері. Онда екі таңбалы санды екі таңбалы санға көбейтеді. Сіз оны бір минут көбейтесіз, ол отыз секунд. Ал не болыпты? Оны калькулятормен есептей салған оңай емес пе? Бас сол ақымақ есепті шығару үшін керек пе? Бас тірлік жасау үшін керек. Ал мұндай есеппен кім тірлік жасай алады? Ал миды дамыту үшін ең керемет өнер – скрипка. Эмоцияға да, өзіңе де пайдалы. Шаршағаның басылады. Ал мына менталды арифметика деп жүргендерінің 15 деңгейі бар екен. Оны он жыл оқиды. Бұл біреудің Америкадан алып келген франшизасы. Біздің елдегі басшысы – бір түрік. Бірақ орталықтарына барып бастығын сұрасаң, кім екенін айтпайды. Солай үйретіп қойған. Мұғалімдердің жалақысын 50 мың теңгеден бастайды. Ебін тапсаң, көбейтіп аласың. Пирамида сияқты. Үстіндегісі ұтады, қалғаны ұтылады. Мұны үйрету үшін математик болудың қажеті жоқ. Екі-үш рет көрсең, өзің де үйреніп аласың. Сосын жүреді он жыл бойы. Бір деңгейі бәленбай мың теңге тұрады. Адам да ақымақ емес қой. «Әй, мен он жыл оқығанда осыдан не ұттым?” деп ойлауы керек. Үш таңбалы санды үш таңбалы санға көбейттің. Оның не керегі бар? Мысалы, циркке барсаңыз, біреу мұрнына бұранда тығады. Сол өнер ме? Цирк үшін өнер шығар, бірақ пайдасы қанша? Оны көру үшін адамдар ақша төлеп келеді. Болды. Ақша табудың жолы. Мынау да сол сияқты. Көшеге шығып саусақтарыңмен бүйтіп-бүйтіп (қолымен көрсетті) тез- тез есептеп бересің. Ақымақ журналистер соны “оһ” деп телебағдарламаға шығарып жіберді. Ол өнер емес. Ол – цирк. Ғылымның маңайына да жоламайды....“