АБАЙ неге акесiне "ас" бермеген? Бисмиллаһир рахманир рахим         Авторы: Марат Түңлікбаев (зейнеткер)         Өйткені, ас беру, жетісін, қырқын беру Ислам дінінің қағидасы емес, шамандық нанымның сарқыншағы екенін озық ойлы ғұлама жақсы білген. Исламның қоспасыз таза болуын қалаған. Бұрынғы шамандық әдет-ғұрыптарды Ислам дінімен қатар алып жүруге қарсы болған.         Мәселен, хакімнің «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны жайлы» атты қарасөзінде мынадай жолдар бар: «… Дүниеде не нәрсенің себебіне көзі жетпесе, сол нәрсені құдай қылып, дін тұтатұғын әдеттердің сарқынын біз де кей жерде көргеніміз бар, — дейді Абай, — Келін түскенде үлкен үйдің отына май құйып, «От ана, Май ана, жарылқа!» дегізіп бас ұрғызған секілді, «өлген аруаққа арнадық» деп шырақ жаққан секілді, жазғытұрым күн әуелі күркірегенде қатындар шөмішімен үйдің сыртынан ұрып, «сүт көп, көмір аз» дегендері секілді. Бұған ұқсаған көп еді, құдайға шүкір, бұл күнде жоғалып бара жатқанға ұқсайды», — деп тәубе айтады.         Осыған қарап отырып, Абай хакімнің пайдасыз салт-дәстүрлерді мойындамағанын, олардың қалып бара жатқанына қуаныш білдіретінін пайымдауға болады. Сондай-ақ, осы тәрізді шариғат құптамайтын ескі дін тәңіршілдік пен шамандықтың сарқыншақ әдет-ғұрып, рәсімдерін мүлде қолдамайтынын аңғарамыз.         Сондай-ақ, хакімнің «Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді» деп басталатын 16-шы қарасөзінде: «Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды» деген жолдар бар. Осы сөйлемдегі «Дінін тазартып» деген қазаққа аса ауыр тиетін астарлы сөзіне қарап-ақ Абайдың дінге селқос қарамайтынын білеміз.         Дін іліміне жетік, Құран кәрімнің білгірі осы себепті де әкесіне ас беруге құлықты болмаған. Оған мысал ретінде төмендегі дәлелдерді келтіруге болады.         1885 жылы Құнанбай дүниеден озғаннан кейін оның өзге балалары «Қазақтың салты бойынша әкемізге ас берейік» дегенде Абай: «Асқа мал бөлейік, бірақ, ол малды сойып жұртқа жегізбейік, орыс школасында оқып жүрген қазақ балаларына жәрдемге берейік», — дейді және осы айтқанын істейді де. Абайдың «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы», «Ғылым таппай мақтанба»! атты өлеңдері осы кезеңдерде туған.         Құнанбайдың асына шығарылған мал саны нақты мәлім емес. Бір хабарда 100 жылқы, 200 қой делінеді. Абай олардың барлығын сатып, Семейдің интернатында оқитын қазақ жастарына беруі Құнанбайдың өзге балаларына да, ағайындарына да, көршілес елдерге де ұнамайды. «Құнекеңді атаусыз қалдырды» деп талайлар ренжіген. Мәселен, көршілес Найман руынан Абайдың туған бөлесі Кемелбай Абайға осы жөнінде былай деп өлеңмен сәлем айтады:         “Сәлем де Ыбырайға бөлем еді,         Ас беріп, Құнекеңді елемеді.         Жер ошағын тастады-ау қоңырсытпай,         Бірер күн ел күткеннен өлер ме еді?”         Сондай-ақ, ожар Оспан Оразбайды ұлыққа кіргізбей қапысын тауып ұстап, сонау Семейден арбаға байлап әкелгенде Ұлжан: «Сонша қорлап, байлап-матап әкелгенің обал емес пе?» — деп Оспанға ұрысқанда Оразбайдың: «Бұлардың соқыр мен таз көрсе жыны бар ғой, әкесі Құнанбай соқырдың асын бермей аштан өлтіріп еді», — дейтіні де осы ас бермегендіктен.         «Ас өлік үшін емес, әсіресе тірілер үшін керек. Олар өлімді сылтау етіп өздерінің абыройын, атағын, мақтанын, айдынын да асырады», — дейді Мұхтар Әуезов. Сондықтан да асты кім болса сол жасамайды, тек жуан, бай-шонжарлар ғана жасайды. Өмірде кедейдің асы дейтін ас болмайтыны да сол.         Ас беру сонау түркі заманынан, көк аспанда көк тәңірі санаған шамандық кезден бері келе жатыр. Оны алғаш салт ретінде енгізген Шыңғысхан деген де пікірлер айтылады.         Орхон-Енисей өңіріндегі балбал тастардағы сына жазулардан Түрік елін қуатты империяға айналдырған Күлтегінге берілген ас туралы жазба деректі ғалымдар ашты. Демек ас беру, қырқын, жетісін беру Исламға дейінгі қара түнек ғасырлардың рәсімі екен.         Жаңа қоғамның жаңа байлары, қазіргі қалталылар да «бабамыз сондай еді», «атамыз мұндай еді», «ана батыр, би ғажап», «мына қажы керемет», «мына әулие қара суды теріс ағызып, өлгенді тірілткен» деп ас беруде. Бұдан халыққа келер қандай пайда бар? Құр ысырапшылық. Бұл істеп жүргендерінің барлығы ахиретте жоққа шығарылады.         «Ас аттынікі, той тондынікі» деп мұның да қызығын байлар, лауазымды шенеуніктер, ақын-жазушылар тәрізді қауым ғана көруде.       Өлгендерді дәріптеу кейінгіге не әпермек? Тіпті, Пайғамбардың өзі мен сахабаларға ас беріп, ат шаптырмаған. Біздің аталарымыз олардан артық емес шығар. Бұл жөнінде Халифа Алтайдың жазбаларында да айтылады.Абайдың әкесіне ас бермегенін осы себепті ешкім де жазғыра алмаса керек. Асқан ақыл иесі ас берудің дін Исламның шарты емес екенін жетік біліп, ысырапшылыққа жол бермеуде ешкімнен ықпапты. Хакімнің «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деп басталатын әйгілі өлеңі «Басты байла, жолына, малың түгіл» деп аяқталмаушыма еді? Асқа шығындалатын қыруар қаржыны, дүние-малды жол жөндеуге, жұпыны отбасылардың балаларын оқытуға, діни кітаптар шығаруға, мешіт-медресе салуға жұмсаса қаншалықты қыруар сауап болар еді шіркін! 

Теги других блогов: Ислам қағида Абай шамандық наным